Түркі Академиясының Президенті, академик Шаһин Мұстафаев Қырғызстанда «Өркениеттер тоғысындағы әлем: болашаққа бірге» тақырыбымен өтіп жатқан Ыстықкөл халықаралық форумына қатысты.
Форум жаһандық сын-қатерлер, орнықты даму, мәдениетаралық өзара іс-қимыл және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша диалог жүргізуге арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі болып табылады. Биылғы іс-шараға түрлі елдердің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, академиялық қауымдастықтың және мәдени сала өкілдері жиналды.
Форумның ашылу рәсіміне Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қатысты.
Форум аясында Түркі Академиясының Президенті Шаһин Мұстафаев баяндама жасап, түркі әлеміндегі ғылыми және мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, Академияның негізгі қызмет бағыттарын таныстырды.
«Түркі мемлекеттерінің интеграция үдерісінде ортақ тарихи санаға, ортақ тағдырға және ортақ өркениет құндылықтарына негізделген түркілік болмысты қалыптастыру маңызды шарт болып табылады. Түркі Академиясы ғылыми және білім беру дипломатиясының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ғылым саласындағы интеграцияны одан әрі нығайтуды мақсат етеді», — деді Академия басшысы.
Форум жұмысы Ыстықкөл жағасында 21 маусымға дейін жалғасады.