Түркі Академиясының вице-президенті, профессор Бүлент Байрам Түркияның Ризе қаласындағы Режеп Тайып Ердоған университетінде өткен магистранттар мен докторанттарға арналған Түркология бойынша III күзгі мектепке қатысты.
Ғылыми бағдарлама аясында Бүлент Байрам «XXI ғасырдағы стратегиялық ғылым ретіндегі түркология» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде қазіргі ғылыми кеңістіктегі түркологиялық зерттеулердің маңызына тоқталып, Түркі Академиясының түркі әлемінің ортақ тарихи, тілдік және мәдени мұрасын зерттеу бағытында атқарып жатқан негізгі жұмыстары туралы мәлімет берді.
Іс-шараның ашылу рәсіміне Ризе провинциясының губернаторы Ихсан Селим Байдаш, қала әкімі Рахми Метин және Күзгі мектепті ұйымдастыру комитетінің төрағасы, профессор Орхан Кемал Тавукчуоғлу қатысты.
Күзгі мектеп Түркияның түрлі университеттері мен түркі әлемінен келген ғалымдар мен жас зерттеушілердің басын қосты. Бес күнге созылған бағдарлама аясында түркология саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, түркі тілдері, әдебиеті, тарихы мен мәдениетіне арналған дәрістер мен ғылыми іс-шаралар өткізілді.
Бағдарлама барысында Бүлент Байрам академиялық қауымдастық өкілдерімен және жас зерттеушілермен де пікір алмасты.