«АТАЛАР МИРАСЫ» ЭЛЕКТРОНДЫҚ МУЛЬТИМЕДИЯЛЫҚ ҚОР. Халықаралық Түркі акдемиясының 2018 жылы іске қосқан порталы: http://atalarmirasi.org.
«Аталар мирасы: мультимедиалық қор» порталы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі кеңесінің саммитінде (Астанада 2015 жылғы 11 қыркүйекте) «Түркі Академиясының, Мәдени мұра қорының құрылуы біздің жастарымызды жақындастыру, ортақ мұраны зерделеу үшін тарих пен тілді бірлесіп үйренуге деген ықыласымызды білдіреді.... Білім мен тәжірибе алмасу, түркологтарды бірлесе даярлау, түркі мұрасын зерделеуде Түркі академиясының мүмкіндігі зор» деген еді. Түркі кеңесі шеңберінде 2011 жылы ҚР Президентінің бастамасымен құрылған Ақсақалдар кеңесі Түрк әлімінің ақпараттық танымдық ортақ сайт порталын құруды ұсынған болатын. Халықаралық Түркі академиясы тарапынан дайындалған «Аталар мирасы» мультимедиалық қоры әлемдегі түркі тілдес халықтардың, ұлыстардың, этникалық топтардың жазба, фольклорлық және басқа да рухани-материалдық мәдениетіне тікелей қатысты аса бай мұраларына арналған. Порталдың ресми атауы: atalarmirasi.org Түрк әлемінің рухани мұраларын сериялық кітап, басылымдар ету ісі өзекті мәселе. Сондықтан бүгінгі күннің ақпараттық технологиясында кеңінен қолданатын сыйымдылығы аса мол мүмкіндіктерге ие - мультимедиалық қор порталын ашып отырмыз. Бұл Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған «Цифрлі Қазақстан» бағдарламаларымен толық сай келеді.
Портал ерекшелігі: Порталға енгізілген материалдардың аумағы бүкіл Еуразия құрлығын қамтыған. Бұл түрктердің тарихи атақоныстары мен қазіргі мекендеген территорияларына, сондай-ақ түрк өркениетіне қатысты рухани-материалдық жәдігерлер таралған ауқымды кеңістігі. Бір сөзбен айтқанда электронды энциклопедиялық ғылыми-танымдық қор. Хронологиялық тұрғыдан сонау прототүрк дәуірінен бастап ұлттық мұраларға дейінгі кезеңді қамтып отыр. Портал Түрк әлемі өркениетінің мұраларын барынша қамтуды көздеп отыр. Атайп айтқанда, фольклорлық материалдар (миф, аңыз, ертегі, әпсана, хикая, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер және басқа), қолжазба кітаптар, сирек басылымдар, ерте, орта, ұлттық дәуірлердің сан алуан жазулы ескерткіштері, археологиялық және этнографиялық жәдігерлері сынды аса кең тарихи деректер, ұлттық әдебиет үлгілері жинастырылмақ. Порталдың басты ерекшелігі - шексіз мәліметтерді (тіпті бірнеше миллондаған кітап қоры бар кітапханаларды) енгізе алуында. Осы орайда, «Мәдени мұра» стратегиялық бағдарламасы аясында 537 кітап басылып шыққан, ол электронды сайтта тұр. Осы бағдарлама бойынша академик Сейіт Қасқабасов жетекшілігінде жарық көрген «Бабалар сөзі» 100 томдық кітаптың өзі де бұл порталдың бір ғана бөлігі бола алады. Осындай жүздеген, мыңдаған том кітаптарды орналастырудың электрондық мүмкіндігі орасан дегіміз келеді. Мысалы, ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың негізгі қоры 1 млн 446 сақтау бірлік, электронды қоры көшірмелерінде 37 395 дана кітап басылымдар бар екен. Түркі тілдес елдердің кітапханасы қорында 294 кітап бар екен. Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапхана қорында 6,6 млн сақтау бірілк бар. Соның ішінде 30 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалардың түпнұсқасы сақтаулы. Ресейдің Петербор қаласы Шығыс қолжазбалар институты қорында 500 мыңнан астам сақтау бірлігі, оның 1 мыңнан астам сирек кітаптары мен қолжазба (XVIII-XIX ғғ.) бар. Германия Ұлттық кітапханаларында 24 млн 100 мың кітап сақтаулы. Берлин Тұрпан зерттеулері орталығында 40 мың сирек қолжазба, кітап бар. АҚШ Конгрес кітапханасында 155 млн сақтау бірлік бар, 12 млн кітаптың электронды нұсқалары дайындалған. Порталда бұл кітапхана қорларындағы материалдардың сандарына қарамастан шектеусіз материалдармен қорды толықтыра беру аса мол сыйымдылық мүмкіндігі бар. Жаһандану үдерісінде электронды материалдарды қолдану өрісі кеңейді. Сондықтан портал заманауи талаптарға сай әзірленіп жетілдіріліп келеді. Портал артықшылығы: Аталмыш электронды порталда Түрк әлемінің сонау ежелгі заманнан ұлттық дәуірге дейінгі мерзімдердегі (шамамен 3 мың жылдық тарихы мен мәдениетіне байланысты) аса бай алуан түрлі деректік нұсқалары туралы жалпы мәлімет, ғылыми зерттеулері, мәтін ( түпнұсқалық транскрипциясы), аудармасы мен фотосуреті, факсимилесі, ғылыми әдебиеті ұсынылып отыр. Түпнұсқалық мәтіндердің транскрипциясы түркі ортақ латын әліпбиі негізінде жасалды. Әр бір жазба нұсқаның фотосуреттері, сызбалары, кейбір факсимилелері, ғылыми әдебиеті де қамтылды. Қор қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілінде дайындалған. Жақын болашақта түрк халықтарының тілдерімен кеңейту көзделінген. Портал қорына дәл бүгін 300-ден астам жазба нұсқалары, ескеркіштері туралы мәліметтер енгізілді. Оның тақырыптық жағынан құрылымы мынадай: 1. Түрк халықтарының жазу тарихы, 2. Ежелгі жазба мұралары, 3. Көне түрік бітік жазулар, 4. Халық қазынасы, 5. Ортақ жазба әдебиет нұсқалары, 6. Ұлттық әдебиет үлгілері, 7. Археологиялық ескерткіштер, 8. Этнографиялық жәдігерлер, 9. Газет, журналдар («Тержуман», «Алеми Нисван» және басқа), 10. Карталар, 11. Сөздіктер.
Аталмыш портал Түрк әлемінің ұшан-теңіз рухани мұраларын кешенді қамту мақсатында ғылыми-біліми ақпараттық ресурстарының біртұтас қорын жасауды жоспарлаған. Қор алдағы уақыттарда да ұдайы толықтырыла беретін болады.
Сілтеме:
Н.Базылхан