Atalar mirası → Biography

Түркі академиясы «Серікбол Қондыбай және түркі мифологиясының зерттелуі» атты III Халықаралық конференциясына қатысты

Ғұмырының жартысын қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнап, сүбелі үлес қосқан және түбегейлі зерттеуде зор еңбек еткен қазақтың өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалымы Серікбол Қондыбайдың зерттеу еңбектері, шығармашылық мұрасы жайында ұйымдастырылған конференция жұмысы бірнеше бағытты қамтыды. Екі күнге жоспарланған конференцияның ашылу салтанатында Маңғыстау облысы өнерпаздарының қатысуымен ұлттық дәстүрлер насихатталып, қазақтың халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың тағылымды сөзі жазылған ескеркіш тақта ашылды. Сонымен қатар «С. Қондыбай шығармашылығы – өнер әлемінде» тақырыбында кітап және сурет көрмесі, «Қоңыр қаз» анимациялық фильмі, «С.Қондыбай – рух жауынгері» деректі фильмі, Мифтік костюмдер шеруі көрсетілді. Конференцияның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректоры Жанар Темірбекова, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Булент Байрам қатысып, конференцияның сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар, жиынға Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Ақеділ Тойшанұлы қатысып, Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің құттықтау сәлемдемесін жеткізді. Конференцияның алғашқы пленарлық мәжілісінде фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлы, ф.ғ.д., профессор Айгүл Ісмақова, доцент Сайфуллах Йылдырым, ф.ғ.к., доцент Оңайгүл Тұржан ғалым Серікбол Қондыбай шығармашылығы жөнінде арнайы баяндама жасап, зерттеулерінің маңыздылығына тоқталды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Жапония, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Якутия ғалымдары қатысқан конференция жұмысы 13 секция бойынша офлайн және онлайн форматында өтті.