Халықаралық Түркі академиясы да белгілі ғалым, көрнекті қайраткер, түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын 2022 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталар тізіміне қосып, бірқатар маңызды іс-шаралар атқарып келеді. Айт кету керек, Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Ақкқөл ауылында дүниеге келген. Жастайынан көзі ашық, білім үйренуге құмар болған ол 1882-1884 жылдары ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, кейін Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алған. Осылайша бірқатар оқу орындарынан дәріс алған Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылы өзінің ұстаздық қызметін бастайды. Мұғалім болып жүріп қоғамда орын алып жатқан кейбір мәселелерден де шет қалған жоқ. А.Байтұрсынұлы қоғамда орын алып жатқан жағымсыз жайттарды осы мысал өлеңдері арқылы жеткізіп отырды. Бірінде өз ойын жұмбақтап жеткізсе, кейде ашық та айта бастаған. Осылайша ол 1905 жылдардан бастап саяси өмірге араласа бастады. Алғашқы мақсаты әлеуметтік теңсіздікке қарсы шығу болатын. 1909 жылы губернатор Тройницкийдің бұйрығымен Ахаң тұтқындалып, түрмеге де қамалады. Кейін Ресейдің ішкі істер министрлігінің ерекше кеңесі оны қазақ елінен жыраққа жіберу үшін Орынборға жер аударған. Бұл жерде де ол саяси көзқарасын ашық айтып, өзінің сенімді достары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен бірігіп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығара бастады. 1913-1918 жылдар аралығында осы басылымның редакторы болған ол, халықты өнер мен білімге шақырып, қалың бұқараға үгіт-насихатын жүргізген еді. Алайда, Ахметтің әрбір басқан қадамы Ресей үкіметінің қатаң бақылауында болып, Газетке жабылған жаланың кесірінен ол жазықсыз абақтыға отырып шықты. Ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырды, ұлттық журналистиканы дамытты. Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады. 1926 жылы Ахмет Байтұрсынұлы түркітанушылардың бірінші съезіне қатысқан болатын. Жиын Баку қаласында өткен. «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасаған ол жиынға келген бүкіл қатысушыны өз аузына қаратты. Қарататынындайы да бар еді, Ахаң сол басқосуда қазақ ұлтының тілдік жүйесін дәлелдеп, халқының болашағы үшін қайсарлық көрсеткен. 5 рет сотталып, 2 рет жер аударылған мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы қазан айында тағы да қамауға алынып, екі айдан соң «халық жауы» деген айыппен атылып кетті. Оның жақтастарын, туған-туыстарын қудалау 1988 жылға дейін жалғасқан. Тек осы жылдың 4-ші қарашасында ғана А.Байтұрсынұлы ақталып, оның еңбектері ортамызға оралды. Осы уақытта оның «Ақ жол» деген кітабы да басылып шықты. Оның артынан қалған мол мұрасы Алматыдағы өзі өмір сүрген ғимаратта, яғни қазіргі Ахмет Байтұрсынов мұражайында. 20 жылға жуық уақыттан бері жұмыс жасап тұрған шаңырақта Алаштың ардақты арысының басқан ізі, жоғалмас биік рухы қалды. Елі үшін еңбегін арнаған асыл азаматтың осы айтқаны қазір де күшін жойған жоқ. 2017 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні 22 қыркүйектен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне ауыстырылды.
Atalar mirası → Encyclopedia
04.09.2022