Atalar mirası → Encyclopedia

Нұр-Сұлтанда мажар суретшісі Иштван Оростың көрмесі өтті

2022 жылғы 12 шілдеде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы және Мажарстан арасында дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толуына орай, Мажарстан Өнер Академиясының мүшесі, графика суретшісі, аниматоры, жазушысы, Кошут атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты Иштван Оростың «Суретке салынған уақыт» атты көрмесінің ашылуы өтті.

Ұлттық музейде ашылған «Суретке салынған уақыт» көрмесі түбі бір түркі жұртынан таралған қазақ және мажар ұлттарының өнераралық байланысын суреттейді. Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона алғысын білдіре отыра, көрменің маңыздылығын атап өтті. «Қазіргі таңда Қазақстан мен Венгрия арасында мәдени-гуманитарлық және басқа да салалар бойынша тығыз ынтымақтастық қатынастар тұрақты дамып келеді. Бүгінгі көрме де соның жарқын көрінісі. ҚР Ұлттық музейінде Иштван Оростың «Суретке салынған уақыт» атты көрмесінің ашылуы өтуде. Өзім өнертанушы болмасам да, ол әр детальға назар аударту арқылы тұтастай бір бейнені көз алдымызға елестетеді. Иллюзияға толы туындылар көрермендердің көңілінен шығады деген ойдамын», - деді Отто Иван Рона. Іс-шараға дипломатиялық қоғамдастық өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, суретшілер, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты. Көрменің ашылу рәсімінде Халықаралық Түркі академиясының тұрақты хатшысы Асхат Кесікбаев та қатысты. Айта кетейік, Иштван Орос дәстүрлі сурет салу техникасында бейнеленген визуалды парадокстарды және кеңістіктік елестерді пайдалана отырып, күрделі оптикалық иллюзияларды жасайды. 1984 жылдан бастап суретші грек тілінен аударғанда «ешкім» мағынасын білдіретін «Утис» (Utisz) лақап есімін қолданады.