News → Events

Көрнекті түрколог Қ. Сартқожаұлына құрмет көрсетілді

2022 жылғы 18 мамырда Халықаралық Түркі академиясында көрнекті түрколог, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлының 75 жасқа толуына арналған алқалы жиын өтті.

Келелі басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, көрнекті түрколог, Л.Н. Гумилев атындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы, Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісінің бірінші хатшысы Дамба Батсуурь, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлары Жантас Жақыпов, Тұрсынхан Зәкенұлы, белгілі шығыстанушы Бақыт Еженхан, сонымен қатар танымал ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар Қ. Сартқожаұлының түркология саласындағы еңбегі туралы пайымды пікірлерін ортаға салып, ізгі тілектерін жеткізді. «Бүгінгі Түркі жазуы күнінің көрнекті түрколог Қаржаубай Сартқожаұлының мерейтойымен қатар келуі өзіндік мәні зор сәйкестік. Өйткені Қаржаубай Сартқожаұлы Орхон жазуларын зерттеумен тікелей айналысқан, арнайы экспедициямен барып денелей зерделеген санаулы ғалымның бірі болды. Ол көне түркі мұрасының шырақшысы секілді нәріне еркін суысындап, құнарына ене зерттеді. Моңғолияда туып, көне түркінің атажұрт топырағында өмір сүруі, түркологиямен шұғылдануы Қаржаубай Сартқожаұлының бақыты, түптеп келгенде ұлтының ырысы. Сол себептен де ғалымның 2001 жылы Қазақстандағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге келуі ежелгі түркі руханиятын жаңғыртуға ерекше екпін берді», — деді Академия басшысы. Басқосу соңында Академия басшысы Д. Қыдырәлі ғалым Қаржаубай Сартқожаұлын мерейтойымен құттықтап, түркология ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін Түркі академиясының Алтын медалімен марапаттады.