Алқалы жиынды ТҮРКСОЙ ұйымы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрілігі бірлесіп ұйымдастырды. Келелі басқосуға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, қоғам қайраткері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, Зейнолла Қабдолловтың ұрпақтары, Қазақстан Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, «Benim Auezvum» кітабының құрастырушысы Амантай Шәріп, әуезовтанушы ғалым, Мұхтар Әуезов музей-үйінің директоры Дияр Қонаев, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Светлана Ананьева және т.б. зиялы қауым өкілдері мен белгілі ғалымдар қатысты. Өнегелі өмірін қазақ ғылым-біліміне арнаған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жайлы жазылған роман-эссе ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты баяндайды. Кітап авторы Мұхтар Әуезовтің ұстаздық еңбегін бірнеше қырынан көрсеткен. Бұл туындыны басқалардан оқшаулап тұрған ерекшелігі де дара тұлғаның ұстаздығы мен жазушылық қасиеті тоғыстырыла суреттелген. Шараға жиналған зиялы қауым түрік тіліндегі туындыға өз бағасын берді. Жиында сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі түгел түркіге ортақ тұлға жайында айтып, ұйымның М. Әуезов жылы аясында жоспарлаған іс-шаралары туралы баяндады. Сонымен қатар, Д. Қыдырәлі ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевты Түркі дүниесінің мәдени-әдеби байланысының нығаюына қосқан зор үлесі үшін Халықаралық Түркі академиясы тағайындаған Әлішер Науаи атындағы алтын медальмен марапаттады.
News → Events
08.08.2022