Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі белгілі ғалым, түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымовтың дүниеден озуына байланысты марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Көрнекті түрколог ғалым, тіл білімінің тарланы, филология ғылымдарының докторы, профессор, алыптардың ізін басқан, тоқсанның төріне шыққан Бабаш Әбілқасымов дүниеден озды. Марқұмның отбасы мен жақындарына, шәкірттері мен әріптестеріне көңіл айтамын!», − деді Академия басшысы. Айта кету керек, Бабаш (Бабанияз) Әбілқасымов 1931 жылы 2 қарашада Атырау облысы Исатай ауданында дүниеге келген. Ғалымның негізгі ғылыми бағыты қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуге арналған. Олардың қатарында 18-19 ғасырлардағы қазақ әдеби тілі, 19 ғасырдың екінші жартысындағы әдеби тіл, алғашқы қазақ газеттерінің тілі жөніндегі монографиялары қазақ әдеби тілі тарихын зерттеудегі құнды еңбектер болып табылады.