“Мақсаты бір, тағдыры ортақ тұлғалар” атты конференцияға Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті — Низами атындағы Әдебиет институтының директоры, академик Иса Габбибейли, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Межидли, ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, М.Физули атындағы Қолжазбалар институтының директоры Теймур Керимли, Гусейн Жавид музей-үйінің директоры Гүлбениз Бабаханлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Амантай Шәріп, белгілі ақын, аудармашы Кәдірбек Құныпияұлы, Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы елшілігінің қызметкерлері, бірқатар бауырлас елдердің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар тоталитарлық режимнің қуғын-сүргінінің құрбаны болған тағдырлас тұлғалар — қазақ тіл білімінің негізін қалған А.Байтұрсынұлы, көрнекті ақын, дараматург Гусейн Жавид, Әзербайжан әнұранының авторы Ахмет Жевад туралы орамды ойларын ортаға салып, мазмұнды баяндамалар жасады. Конференцияда Гусейн Жавидтің Түркі академиясының қолдауымен жарыққа шыққан “Таңдамалы пьесалары” жинағы таныстырылды. Басқосу аясында вице-президент Ф.Межидли Н.Гәнжауи атындағы Әдебиет институтының басшысы Иса Габбибейлиге Түркі академиясының “Әлішер Науаи” алтын медалін табыс етті. Өз кезегінде академик Иса Габбибейли Түркі академиясының атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалап, академия басшысы Дархан Қыдырәліге ризашылығын білдірді. Конференциядан кейін қатысушылар Гусейн Жавид музей-үйімен танысып, оның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жәдігерлерді тамашалады.
Projects
Бакуде мақсаты ортақ, тағдыры бір арыстарға құрмет көрсетілді
27.05.2022