News → Mass media

Танымал моңғол археологы Дамдинсүрэнгийн Цэвээндорж дүниеден озды

Осыған орай Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі марқұмның туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айту хатын жіберді.

«Аса көрнекті археолог ғалым, Моңғолияға еңбек сіңірген ғылым қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Дамдинсүрэнгийн Цэвээндорж ақсақалдың кенеттен қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, ғылыми қауымға ауырқайғыға ортақ екенімізді білдіріп, шын жүректен көңіл айтамыз.

Академик Дамдинсүрэнгийн Цэвээндорж еңбекқор, достыққа адал, іскер Моңғолия археология ғылым саласынының негізін қалап дамытушылардың бірі еді, сонымен бірге ежелгі көшпенділер өркениетінің бай мұрасын кешенді зерттеген әлемге танымал білікті маман болатын. Ақсақалдың жарқын есімі біздің жадымызда және жүрегімізде мәңгі қалады», делінген Академия басшысы көңіл айту хатында.

Айта кету, Дамдинсүрэнгийн Цэвээндорж 1944 жылы 16 мамырда Моңғолияның Архангай аймағы Өндөр-Сант ауылында дүниеге келген. 1956-1966 жылдары орта мектепті тәмамдаған соң, Ломоносов атындағы Мәскеу университетінде археология мамандығын үздік бітірген. 1983 ғылым кандидаты, 1998 жылы ғылым докторы дәрежесін қорғаған.

1972 жылдан бері Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, 1999-2002 жылдан Археология орталығының меңгерушісі, 2002- 2015 жылдары Археология институтының директоры қызметтерін атқарған. 1995 жылдан ЮНЕСКО-ның Орталық Азия археологиялық қауымдастығы мүшесі, 1999 жылдан ЮНЕСКО-ның Көшпелілер мәдениетін зерттеу институтының корреспондеті мүшесі болды.

Академик Д.Цэвээндорж – 40-тан аса монографиялық еңбектің, 400-дей ұжымдық ғылыми еңбектердің авторы. Академик Д.Цэвээндорж 1970 жылдан бері көптеген елдердің археолог ғалымдардың бірлескен 80-нен астам археологиялық экспедицияға жетекшілік еткен білікті маман. Ол Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия археология институтының өзара ынтымақтастығы туралы Меморандумды рәсімдеп, біріккен жобаларға тиянақты кеңесшілік жасап, ғылыми сан салалы ықпалдастыққа серпін берді. Көрнекті ғалым Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының «Шивээт улаан-2016-2019», «Хөшөө цайдам-2019», «Номгон-2019» бірлескен экспедицияларына жетекші әрі ғылыми кеңесші болды, ұзақ жылдан бері көшпенділердің ежелгі өркениетін зерттеуге бірегей үлес қосқаны үшін Түркі академиясының Алтын медалімен марапатталған болатын.